Шөмішбай Сариевтің жары Жұмагүл апа – бізде қонақта
2023-10-06
Алыстан келген құрметті қонаққа төрден орын беріп, қошемет көрсету – қанымызда бар қасиет. Міне, Сыр топырағының тумасы, сыршыл ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариевтің жары Жұмагүл апамыз - киелі шаңырағымыздың құтты қонағы. Жақсыны көрмек үшін деп балалары мен немерелерін де ерте келіпті.
Әр сөзінен бекзаттықтың, тектіліктің лебі есіп тұрған апамыз орталықты асықпай аралап, көңіл толқынысын жасырмай, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде «Анаға тағзым» орталығының ашылуы өте құптарлы бастама екендігін тебірене айтты. «Береке» дастарханынан дәм татып, ақ батасын берді .
Айтпақшы, бүгін эстарада жұлдыздары Қызылорда аспанын әсем әнмен әуелетпек . «Теңіздей тебірендім, тербедің...» атты дарынды жерлесіміз Шөмішбай Сариевті еске алу концертінің жоғары дейгейде өтуіне тілектеспіз!