"Анаға тағзым" орталығы ашылды
2023-09-29

 

Сүйінші, Сыр жұртшылығы! Бүгін көркем келбеті алыстан көз тартатын «АНАҒА ТАҒЗЫМ» орталығы салтанатты түрде ашылды. Аймақ басшысының бастамасымен бой көтерген мәдени нысан шежірелі өлкеміздің 85 жылдығы мен қарттар күніне орайластырып көптің игілігіне берілді. Зиялы қауым өкілдері мен Сыр аналары жиылған салтанатты шарада облыс әкімі Н.Нәлібаев сөз сөйлеп, игі лебізін білдірді. 

 

Тарихи әрі философиялық мән-мағынасы терең «Сыр-Ана» монологын театр артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері З.Төлепова орындап, жұртшылықтың жанарына жас үйірді. Жүректебірентерлік туындыда әр дәуір қойнауындағы бұлыңғыр бейнетті кезеңдерде үміт шоғын үрлей білген, өмір жібін үзіп алмай иірген, кескілескен зар заманда келісімге тарта білген ана бейнесін шебер сипатталады.

Сыр аналары мен арулары бас қосатын құтты шаңырақ «Парасат» орденінің иегері, кәсіпкер-меценат Марат Дүйсенбаевтың қаржыландыруымен бой көтерді. Марат Базарбайұлы толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген әсем ғимаратпен бірге «Анаға тағзым» ескерткішін және тұрғындар игілігі үшін арнайы демалыс аллеясын да сыйға тарты. Салтанатты шара барысында облыс әкімі Н.Нәлібаев өңіріміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген Сыр елінің атымтай жомарт перзенттерін марапаттады. Атап айтқанда, «Туған жерді бірге түлетейік» бастамасына үн қосып, барша аналардың құрметіне келбеті мен сәулеті жарасқан «Анаға тағзым» орталығын тарту еткен «Най-мир» серіктестігінің директоры Марат Дүйсенбаевқа облысымыздың ең жоғары наградасы Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды. Бұдан бөлек, құрылыс сапасына аса жауапкершілік танытқан бірқатар мердігер мекеменің мамандары да марапат төрінен көрінді.

 

«Анаға тағзым» орталығын өз қаржысына салып, ел игілігіне пайдалануға берген кәсіпкер-меценат Марат Базарбайұлы ғимараттың символикалық кілтін орталық басшысы Алтынай Молжановаға табысталды.