«TOYLA! ҒAMILY FEST» отбасылық рухани-мерекелік кеші өтті
2024-12-20

Ұл-қыздарына тағлымды тәрбие беріп, отбасы мен қызметті тең ұстаған «Былғары той», «Ағаш той», «Жезді той», «Жақұт той», «Никель той», «Інжу той» және «Алтын той» иелері шараның басты қонақтары болды. Мерекелік кеште жұбайлық өмірдің ыстық-суығына бірге бейімделген 8 жұп өз тәжірибелерімен, берік отбасының негізін қалаудың құпия-сырларымен бөлісті. Бала психологиясы мен тәрбиесі, бір-бірінің мамандықтарына қатысты ситуациялық сұрақтарға жауап берді.

 

Түрлі салада жемісті қызмет етіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған қазыналы жұптар үйленгендеріне 3 жыл, 5 жыл болған жас жұбайларға ата-аналық ақылын, парасатты әңгімелерін айтты. Өмірде де, өнерде де жұптары жарасқан, шеберлігі толысқан, республикаға танымал сахнагерлер  Бақытбек Алпысбаев пен Камила Алпысбаева мерейтой иелеріне ақ батасын берді. «Алтын той»  иелері – киелі сахнада 55 жыл, өмірде 50 жыл бір ғұмырды тату-тәтті сүріп, мықты отбасының тірегіне айналған үлгілі жұп.

 

Қатысушы жұптардың әрқайсысы түрлі салада қызмет еткенімен, барлығының мақсат-мүддесі ортақ: береке-бірлігі бекем, ұстаным-қасиеттері қалыптасқан, тамырын тереңге жайып, қоғамда өзіндік орны бар өнегелі отбасылар қатарын арттыруға үлес қосу, өскелең ұрпаққа тағлымды тәрбие беру.

 

«Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі» екенін ескерсек, еліміздің еңсесі биік, іргесі берік, тарихы бай, ұрпағы текті болуы – қоғам болып жұмыла әрекет етуді талап ететін жауапты іс. Бұл бағытта «Анаға тағзым» орталығының ұлт құндылықтарын дәріптеуді діттеген байыпты бастамалары жарасымды жалғасын таба түспек.