Бүгін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Анаға тағзым» орталығында «BRENDKE BIR QADAM» республикалық форумы өтті.
2024-11-29

Бүгін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Анаға тағзым» орталығында «BRENDKE BIR QADAM» республикалық форумы өтті. Форумда Сыр өңіріндегі креативті индустрия саласының дамуы мен жұмыс бағыты, креативті кәсіпкерлерді қолдау мақсатында іске асып жатқан жобалар, алдағы жоспарлар талқыланды. Шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Креативті индустриялар департаментінің басшысы Гүлісхан Нахбаева және Түркістан, Тараз, Алматы қалаларынан делегаттар арнайы қатысты.

 

Креативті индустрия саласындағы жаңашылдықтарды көпшілікке түсіндірген Гүлісхан Сайфулинқызы Сыр өңіріндегі бастамалардың кәсіпкерлер үшін тиімділігін тілге тиек етіп, оң бағасын берді. Сондай игі жобалардың бірі – ақпан айынан бастау алып, кәсіпкер мен тұтынушы арасында алтын көпір болуға ықпал еткен «Brendke bir qadam» сауда көрмесі. Жиында «Qazaq brand» өнімдерінің авторы, дизайнер Айман Абди мен ұлттық нақыштағы жол сөмкелерін өз қолымен дайындайтын креативті кәсіпкер Мира Исабаева аталмыш төл жоба нәтижесінде тұрақты тұтынушылар санының артқанын атап өтті.

 

Форумда, сондай-ақ, «Анаға тағзым» орталығының креативті бренд өнімі «Өмір иірімдері» тұмары мен «Brendke bir QADAM» смарт-күнделігінің презентациясы болды. «Creative ideas» креативті идеялар конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Кәсіпкерлердің тың идеясын іске асыруға бағытталған байқау нәтижесі бойынша инвесторлар үздік деп танылған 7 жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетеді. Пленарлық сессия жұмыстары «The one system» компаниясының негізін қалаушы Аслан Жұмабаев пен Қорқыт ата атындағы ҚУ Жасанды интеллект институтының директоры Нұрлан Құлмырзаевың дәрістерімен жалғасты. Форумға Алматы қаласынан арнайы қатысқан Аслан Нұрланұлы қызылордалық кәсіпкерлерге бизнесті жүйелеудің тиімді тетіктерімен бөліссе, Нұрлан Серікұлы жасанды интеллектің көмегімен кәсіп көкжиегін кеңейтудің басты фишкаларын үйретті.

 

Жалпы, жұмысының бір бағытын креативті индустрияға бейімдеген «Анаға тағзым» орталығы 9 айдың ішінде қызылордалық кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлерін қолдайтын ашық алаңға айналды. Бүгінге дейін орталық бастамасымен креативті индустрия бағытында 8000-ға жуық адамды қамтыған 50-ден аса іс-шара ұйымдастырылды. Олардың ішіндегі ең ауқымдысы – «ЭТНО FASHION» облыстық сән үлгісі фестивалі. Ұлттық құндылықтар мен мәдени-мұраны насихаттап, жергілікті дизайнер-тігіншілердің креативті кластерлік жаңа жүйесін қалыптастыру бағытындағы шара нәтижесінде 17 дизайнер-тігіншінің 150-ден аса креативті киім үлгісі көпшілік назарына ұсынылып, қатысушылардың дизайнерлік киімдеріне тапсырыстар артты. Кәсіпкерлердің қаржы-экономикалық, құқықтық сауаттылығын арттырып, өнімдерін жарнамалау бағытындағы «Brendke bir qadam» сауда көрмесінде 20-дан аса кәсіпкердің өнімдері сөреге қойылды. Нәтижесінде, теориялық білімді практикамен ұштастырып, өзара тәжірибе алмасқан кәсіпкерлер 9 айда 30 млн теңге қаржы тапты.