«Өмір иірімдері» тұмары – «Анаға тағзым» орталығының алғашқы төл туындысы. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, әрбір үйде тоқшылық, молшылық болсын деген ізгі ниетпен тұмардың өрнектері бидай пішінді, өте берік, қалың кендір жіптен екі тіндеп тоқылған. Төменгі тұсында бес моншақпен жалғасатын күміс қоңыраулы төрт шашақ бар. Бұл – әр шаңырақтың төрт құбыласы тең, жұлдызы жарық, бағы бес елі болсын деген аналардың ақ тілеуінен туған эксклюзивті әрі креативті бренд бұйым.
Диаметрі 50 сантиметр болатын «Өмір иірімдері» тұмарының 1 данасын әзірлеуге кемінде 4 күн уақыт кетеді. «Мирас» әжелер клубының жетекшісі, қолөнер шебері Ақмарал Жұмағұлова әрбір тұмарды зор махаббатпен әзірлеп, «Анаға тағзымның» 1 жылдығына арналған салтанатты шарада көпшілік назарына алғаш рет ұсынды.
Айтпақшы, мерекелік жиында төлтума құндылығымыз тұмар Халықаралық V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел мерейін үстем етіп, ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақтан чемпион атанған қызылордалық Бексұлтан Бостандықовтың анасы Айнұр Әлиеваға салтанатты түрде табысталды. Осылайша, «Анаға тағзым» орталығында чемпионның анасына құрмет көрсетіліп, ерекше тосын сый жасалды.
#Бізге1жыл
#БелесіБиік1жыл
#ӨмірИірімдері