«ӘЛДИ-АНА» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОНЛАЙН БАЙҚАУЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Бесік жырының жаңа нұсқаларына арналған «Әлди-Ана» республикалық онлайн байқауы өз мәресіне жетті. Бүгін «Анаға тағзым» орталығында бір айға созылған конкурс материалдары қазылар алқасына ұсынылып, үздіктер іріктелді.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, белгілі ақын Дүйсенбек Аяшұлы төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында ҚР Өнер қайраткері, айтыскер ақын Серік Ыдырысов, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Үміт Медеуова, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова, музыка саласының ардагері, орталық жанынан құрылған «Мирас» әжелер ансамблінің мүшесі Шара Маханова болды. Олар бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған бесік жырының 15 нұсқасын тыңдап, сөзін, әнін, музыкалық әрлеуін жіті бағалады.
✅ Нәтижесінде, қаржылай сыйақысы 300 000 теңге көлеміндегі бас жүлдеге «Ана әлдиі» туындысы лайық деп танылды. Жаңа бесік жырының сөзін Сағынғали Сейітов жазса, әні – Талғат Нағашыбаевтікі. Орындаған: Аягөз Райбекова. /Қызылорда қаласы/
Ал, І орынды талдықорғандық талапкер Гүлнұр Нұрасыл жеңіп алды. «Әлди» әнінің сөзін Сағыныш Намазшамова жазса, әннің авторы әрі орындаушы –Гүлнұр Нұрасыл. /200 000 теңге/.
ІІ орын жүлдесі 150 мың теңгені құрайды. Ақтөбелік қатысушы Данияр Сағынтаевтың орындауындағы «Құлыным» әні осы орынға лайық деп танылды. Сөзі – Еркебұлан Қайназаров, әні – Данияр Сағынтаевтікі.
Мұрәділ Ертөренің сөзіне жазылған Ринат Үсеновтің «Ана әлдиі» туындысына ІІІ орын бұйырды. Айсұлу Әбдінің орындауындағы бесік жырына тағайындалған жүлде 100 000 теңгені құрайды.
Осылайша, бесік жырының философиялық, этнографиялық һәм әлеуметтік мәнін ашу әрі ұлт руханиятына еңбек сіңіріп жүрген өнер иелерінің шығармашылығын көпшілікке таныту мақсатындағы «Әлди – Ана» республикалық байқауы өз мәресіне жетті. Жеңімпаздар «Анаға тағзым» орталығының 1 жылдығына арналған салтанатты шарада марапатталады.