Айтулы күні «Анаға тағзым» орталығы «Анам жайлы айтайын...» атты TED TALKS форматында кездесу ұйымдастырды. Еркін форматтағы жиынға Социалистік Еңбек Ері Жадыра Таспамбетованың ұлы Сайлау Кейқуатов пен келіні Гүлжанат Манабаева, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, ҚР Мәдениет саласының үздігі, педагог Ләйла Насимханова және ақ жаулықты аналар мен студенттер қатысты. Әйел затының отбасындағы, қоғамдағы маңызды рөлі, бала тәрбиесіндегі ерекше орны дәріптелген кездесуде спикерлер қайсар мінезді аналарының адамгершілік, еңбексүйгіштік қасиеттерін жас ұрпаққа үлгі етіп, жылы естеліктерімен бөлісті.
Кездесуде «Анаға тағзым» орталығы ұйытқы болған «Анам жайлы айтайын...» үздік пост байқауының жеңімпаздары марапатталды. 2-9 мамыр аралығында өткізілген шараға 50-ден аса қатысушы бақ сынап, әлеуметтік желіде өз анасы туралы әсерлі жазбаларын жариялады. Бір қуантқаны, байқауға қызылордалық оқырмандарымыздан бөлек, Түркістан, БҚО секілді өзге өңірлерден де үміткерлер қатысты. Жиында сауатты сөз саптауы, мазмұнды баяндауы, тәрбиелік мән-мағынасымен, креативті жеткізе білуімен дараланған үздік пост иелеріне құрмет көрсетіліп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.