ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ
2024-02-29

Орталық базасында «AMANAT» партиясы жанынан құрылған Әйелдер қанатының отырысы өтті. Жиында қыз-келіншектердің қоғамдағы белсенділігін арттырып, мәртебесін көтеру мақсатындағы басты қадамдар талқыланды.

Жалпы, Әйелдер қанаты еліміздегі басты партия жанынан былтыр құрылды. Мұндағы мақсат – қыз-келіншектерге рухани әрі құқықтық, психологиялық көмек көрсетіп, қаржылай сауатты болуына үлес қосу, саяси-көшбасшылығын қолдау. Бұл бағытта «Әйелдердің денсаулығын және отбасы құндылықтарын нығайтуға көмектесу», «Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға көмектесу», «Ауылдық жерде әйелдердің бизнесін дамытуға жәрдемдесу», «Ғылымдағы әйелдерді қолдау» сынды негізгі 10 басымдық бекітілді. Ал, мақсаты мен салмағы басым Әйелдер қанатының жауапкершілік жүгі партияның облыстық филиалы жанындағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі кеңесшісіне жүктелді. Бұл қызметке “Анаға тағзым” орталығының басшысы Алтынай Молжанова бекітілген-ді.

Басқосуда өңірдің көшбасшы әйелдері негізгі 10 басымдықты жүзеге асырудағы жұмыс жоспарымен бөлісті. Әр басымдық бойынша бекітілген жетекшілер сөз сөйлеп, жұмысшы топтарымен таныстырды. Қызылордалық қыз-келіншектерді қолдау, демеу, дамытуға қатысты мақсат-жоспарларына тоқталған жетекшілер жұмыла жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.