Гүл көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында «Анаға тағзымда» ерекше басқосу болды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аяулы аналар мен қыз-келіншектерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.
Салтанатты шараға ақ жаулықты және көпбалалы аналар, түрлі сала өкілдері, аймақ дамуына үлес қосқан кәсіпкерлер мен ғалымдар, спортшы арулар қатысты. Жиында аймақ басшысы Сыр өңірінде әйелдердің ғылым, кәсіпкерлік, креативтік, басқа да саладағы бастамаларына, әсіресе, көпбалалы аналарға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Кездесуде қоғам қайраткері Бибіжан Жәукебаева, 10 баланың анасы, 50 немере мен 20 шөберенің әжесі Келіс Мамырбай, еңбек ардагері, 9 немере мен 8 шөберенің әжесі Күлпаш Үкібаева, сарапшы журналист, ҚР Ақпарат саласының үздігі Айткүл Шалғынбаева сөз сөйлеп, ақ тілегін білдірді. Сондай-ақ, Сыр өңірінде отбасы құндылықтарын насихаттап, отбасылық-демографиялық саясатты белсенді іске асырған асыл жандар Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Салтанатты шара көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлайтын концерттік бағдарламамен жалғасты.