Ұлттық киім күні аясында бүгін «Анаға тағзым» орталығында «ЭТНО FASHION» облыстық сән үлгісі фестивалі өтті. Аталмыш шара креативті индустрияны дамыту бағытындағы «Брендке бір қадам...» жобасы аясында жүзеге асып отыр.
Жалпы, фестиваль мақсаты – ұлттық құндылықтар мен мәдени-мұраны насихаттау, жергілікті дизайнер-тігіншілердің креативті кластерлік жаңа жүйесін қалыптастырып, жұмысын қолдау. Ұлттық киім түрлерін заман талабына сай этно стильде жаңғыртып, сұранысқа қажет үлгілерінің жаңа нұсқасын ұсыну.
Шараға облыс бойынша 17 дизайнер-тігінші қатысты. Әр дизайнер екі түрлі киім үлгісін ұсынды. Бірі – күнделікті киетін классикалық стильдегі заманауи этно киім үлгісі, екіншісі – сахналық, сәнді ұлттық киім. Стиль мен талғамға қарай, дизайнерлер ұсынған ұлттық киімдер бір-бірінен матасы мен тігісі, безендірілуі жағынан ерекшеленді. Мәселен, ши құрақпен безендірілген этношапан, түймелері жылқы сүйектерінен әзірленген заманауи кеудешелер, киізден тігілген шапандар, т.б.
Жалпы, дефиледе жергілікті дизайнерлер ұсынған 150-ден аса ұлттық киім үлгісі көпшілік назарына ұсынылды.