ӨМІРГЕ ҚҰШТАР ӨНЕРЛІ АНАЛАР
2023-12-01

 Сыр аналарына құшағын жайған шаттықты шаңырақта тағы бір шуақты шара өтті. Бұл жолы орталығымызда ерекше әйел-аналар қонақ болды. Алдымен, «Анаға тағзым» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсеткен жігерлі жандар жаңа ғимаратқа әсем әнін әуелетіп, тәтті шашуларымен енді. Осылайша, құтты мекенге керемет көңіл күймен қадам басып, орталық тынысымен танысты. Креативті индустрия орталығында тіршілік тағы да қыз-қыз қайнады. Ерекше жандардың қолынан шыққан түрлі бұйымдардан көрме-жәрмеңке ұйымдастырылып, орталық қызметкерлері сауда көркін қыздырды.
3 желтоқсан – халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне орайластырылған мерекелік шара мұнан әрі концерттік бағдарламаға ұласты. Жүрекке жылулық пен мейірім ұялатқан іс-шарада өнерлі аналар мен орталық қызметкерлері әсем ән салып, би билеп, ғимарат ішін ерекше атмосфераға бөледі. Осылайша, «Ten Kogam» және «Анаға тағзым» орталықтарының бірлескен шарасынан бүгінгі қонақтарымыз ерекше шабыт, жақсы көңіл-күйде тарқасты.