Жасыратыны жоқ, ел еркіндігі мен бостандығының бастауы – Желтоқсан оқиғасы. Империя бодандығына қарсылық танытқан намысшыл қазақ жастары өктем билікке өр мінез, қайтпас қайсарлығын көрсетті. Жазықсыз жала жабылып, оқудан қуылып, комсомолдан шығарылғаны қаншама?!
Тұғырлы Тәуелсіздікке тәу еткен рухани-танымдық шарамызға Желтоқсан оқиғасының куәгерлері Гүлнар Демеуова, Сәкен Нұрмахан, Бақыт Бәйменов және Күмісай Байманова арнайы қатысып, мектеп оқушыларымен жүздесті. Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары 37 жылға шегініс жасап, жалындаған студенттік шақтың тәуекелге толы сәттерін көз алдымызға келтірді. Азаттық аңсаған ызғарлы күндерден естелік айтты. Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулитын шарада жас өнерпаздар рухты әндер шырқап, патриоттық өлеңдер оқыды.
Қазақ жастарының жасампаз ерлігімен келген тұғырлы Тәуелсіздігіміз баянды, болашағымыз жарқын болсын!