Сыр өңірінде «Анаға тағзым» республикалық Аналар форумы болып өтті
2023-11-30
Шара барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта отбасы және аналар мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
«Биыл қыркүйекте Қызылорда қаласында заманауи әрі көпфункциялы «Анаға тағзым» орталығы пайдалануға беріліп, қыз-келіншектердің рухани ордасына айналды. Облысқа жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы орталықпен танысқан соң, «Расында, ұлттық салт-дәстүрімізді, болмысымызды, тіліміз бен дінімізді терең насихаттауымыз керек. Ұлттық құндылықтарға деген көзқарасымыз айқын болуы тиіс», – деп жоғары бағасын берді.
«Анаға тағзым» орталығы – балауса қыз баладан ардақты асыл әжеге дейін бас қосатын тәрбие мектебі. Осы жерде ақылды да парасатты аналардың, инабатты келіндердің өнегелі ісінен, салмақты сөзінен үлгі алатын жастар қатары көбейері сөзсіз.