«Бекзат қыздар академиясы» бастау алды
2025-06-10

«Анаға тағзым» орталығында «Бекзат қыздар академиясы» бастау алды. Әр бойжеткеннің рухани, мәдени дамуына толыққанды қолдау көрсетіп, қазақ қызының болмысына тән әдеп, сөйлеу мәдениеті, этика-эстетика қағидаларын қалыптастыруды діттеген жобада қатысушылар жыл бедерінде түрлі бағыттағы шеберлік сағаттарымен қамтылмақ.
 

Бүгінде «Бекзат қыздар академиясына» 10 бойжеткен тіркелді. Жобаның алғашқы күнінде олар «Анаға тағзым» орталығының тыныс-тіршілігімен, академия аясында ұйымдастырылатын іс-шаралармен танысты.

Алғашқы дәріс қатысушылардың ішкі және сыртқы ресурстарын анықтауға, өз құндылықтарын жоғары бағалауға бағытталған психологиялық терапиядан басталды. Орталық психологы Ақшарбат Бақытжанқызы бойжеткендердің тұлғалық «Мен» бейнесін күшейту мақсатында «Өзім жайлы 5 сөз» , «Менің дара бейнем» жаттығуларын өткізді. Осылайша, қатысушылар өзіне тереңінен үңіле түсіп, мықты тұстарын бағамдады.

«Мирас» әжелер клубында өткен шеберлік дәрісінде ши тоқу, ұршық иіру, жүн түту секілді ұлттық қолөнер түрімен қатар қазіргі трендтегі сурет өнерінің түрі «Эбру» әдісі үйретілді. Ежелгі түріктерден бастау алып, бүгінде бейнелеу өнеріндегі жаңа технология ретінде қолданылып жүрген «Эбру» өнерінің шығармашылық тұрғыдағы пайдасын қолөнер шебері Гүлжауһар Әшірбекова қатысушыларға түсіндіре отырып, практикалық тұрғыда бірге жасады.

Жалпы, «Бекзат қыздар академиясына» жыл бедерінде ұйымдастырылады. Алдағы күндері бойжеткендер «Шамшырақ» фото-бейне студиясы, «Береке» аспаздық студиясы, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Жас Отау» жас отбасылар клубы және «Ана тілі» клубтарындағы шеберлік дәрістеріне қатысады.