АДАЛ ЕҢБЕК. АСЫЛ АНА
2025-04-25

Биыл – Ғасырдың Батыр Анасы, Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекованың туғанына 90 жыл. Айтулы датаға орай бүгін «Анаға тағзым» орталығында дән падишасына арналған «АДАЛ ЕҢБЕК. АСЫЛ АНА» рухани-танымдық кеші өтті.

Шарада саналы ғұмырында бір өзі тұтас дәуірдің жүгін арқалаған қазақтың қайраткер қызының өнегелі өмірі, бейнет пен берекеге толы еңбек жолы, табанды әрі қайсар болмысы өскелең ұрпаққа дәріптелді. Қоғам қайраткерлері Сәпен Аңсат, Бекмырза Еламанов, ІІ, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері Бибігүл Әбішқызы, ҚР Үздік дәрігері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Қалдыгүл Бәлібайқызы секілді С.Жұмабекованың көзін көрген замандастары мен ізбасарлары сөз сөйлеп, алып тұлғаның қызметтегі жауапкершілігі мен адамгершілігі, ауыл шаруашылығы саласындағы өзіндік қолтаңбасын тілге тиек етті. Сондай-ақ, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің студенттері адал еңбекті талап ететін агроном мамандығының басты басымдықтарына тоқталып, дән падишасына өз арнауларын оқыды.

Келелі басқосуда Батыр ананың қызы филолог, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ Алматы облысы филиалының басшысы Ләйле Ноғайқызы Социалистік Еңбек Ерінің аналық келбеті, даралығы мен даналығы турасында жылы естеліктерімен бөлісті. Жауапты қызметімен қатар 11 баланы тәрбиелеп, өсіріп жеткізген, білім алуына, әрқайсысының өмірден өз орнын табуына үлес қосқан ғибрат ғұмыр иесінің көрегендігіне тоқталды.

Бір өңірдің ғана емес, тұтас елдің анасына баланған Сәлима Жұмабекова – Қазақстандағы «Ғасырдың Батыр Анасы» атағына ие болған жалғыз жан. Ол – өз мүддесінен ел мүддесін биік қойып, адал еңбегімен танылған қарапайым еңбек адамы. Балауса бойжеткен қыз баладан, ардақты асыл әжеге дейін бас қосатын тал бесік, тәрбие мектебі «Анаға тағзым» орталығында Сәлима Жұмабекқызы секілді Сырдың еңбеккер тұлғаларының ерлігі мен өрлігін дәріптейтін шаралар жарасымды жалғасын таба бермек.

#ЖақсыОйТүйсеңСанағаМыңТағзымЕтАнаға
#СәлимаЖұмабекова
#ДәнПадишасы