Мерекелік жиында облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов сөз сөйлеп, «Анаға тағзым» ұжымына облыс әкімінің құттықтауын табыстады. Халықаралық V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тоғызқұмалақтан чемпион атанған қызылордалық Б.Бостандықовтың анасына орталықтың алғашқы бренд өнімі «Өмір иірімдері» тұмарын тарту етті.
Сондай-ақ, шарада «Әлди-Ана» республикалық онлайн байқауының жеңімпаздары марапатталды. Әуені құлаққа жағымды, сөзі баланың санасына ұлттық тәрбиені сіңіретін бесік жырының жаңа нұсқаларын көпшілікке ұсыну, насихаттау мақсатын көздеген жоба 1 ай көлемінде жүргізілді. Байқау қорытындысы бойынша, Сағынғали Сейітовтің сөзіне жазылған Талғат Нағашыбаевтың «Ана әлдиі» туындысы бас жүлдеге лайық деп танылған-ды. Жиында жас әнші Аягөз Райбекова үздік туындыны алғаш рет үлкен сахнада орындады.
1 жылдық салтанаттың тағы бір сүйіншісі «Анаға тағзым» орталығы әнұранының тұсауы кесілді. Сөзін жазған жерлес ақын Ұлықбек Бекұзақұлы, ән авторы - белгілі композитор, ҚР Мәдениет саласының үздігі Сәбит Ұлықпанұлы.
Жалпы, бір жылда орталықта 25 000-ға жуық адамға қызмет көрсетіліп, сырбойылық қыз-келіншектерге рухани-адамгершілік тәрбие беруге бағытталған пайдалы парасаттылық дәрістері мен тегін шеберлік сағаттары өткізілді, психологиялық кеңестер берілді. Орталық жанынан «Креатив хабы» құрылып, «Брендке бір қадам...» сауда-көрмесі арқылы аймақтың 20-ға жуық креативті индустрия өкілі 2 айдың ішінде 10 млн-нан аса теңгеге өз өнімдерін сатуға мүмкіндік жасалды.
Ұлтымыздың өміршең өнегесін өшірмеуді мақсат тұтқан «Анаға тағзым» орталығының тәлім-тәрбиелік мәні зор байыпты бастамалары алдағы уақытта да жарасымды жалғасын таба бермек.
Анаға тағзым – ұлтқа тағзым!