«1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» қарсаңында «Анаға тағзым» орталығында жаңа жобаның тұсауы кесілді: «Құйма құлақ» ұлттық құндылықтар әліппесі. Өскелең буынның бойына рухани құндылық нәрін сеуіп, академиялық форматта тәрбие беру мақсатында санамақ, мақал-мәтел, бесік жырынан бастап, қисса-аңыздар, жыр-дастандар жоба аясында кеңінен насихатталмақ.
«Құйма құлақтың» алғашқы сабағы К.Қаракөзов атындағы №235 мектеп-гимназиясы оқушыларының қатысуымен өтті. Балалар «Ақыл қалта» және «Құндылық қоржыны» атты қос топқа бөлініп, «Салт-дәстүрлер», «Ұлттық тағамдар», «Қонақ күту рәсімдері» және «Ұлттық аспаптар» тақырыбындағы бірнеше ұяшықта жасырылған викториналық сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, оқушыларға «Жеті шелпектің шарапаты», «Қолға су құю дәстүрінің» аңызы түсіндірілді.
Жалпы, жаңа жоба орталықтың көркемдік жетекшісі Феруза Оңталаптың бастамасымен балаларға тиімді әрі пайдалы демалыс уақытын ұйымдастыру мақсатында тыңдалым мен жыраулық өнерге негізделе отырып, жаз бойы өткізілмек. Нәтижесінде ішкі әлемі бай, сөздік қоры мол, пайым-парасаты жоғары, көкірегі құндылыққа толы зерек әрі талапты жас ұрпақтың қалыптасуына тамшыдай үлес қосу көзделіп отыр.